Биіктіктен құлағаннан кейінгі алғашқы қадамдар: Алматыдағы күш пен үміт хикаялары
Алматы қалалық балаларды оңалту орталығында ерекше әрі әсерлі сәт өтті — кішкентай пациенттер Тамирис пен Руфинаға тұсаукесер рәсімі жасалды. Рәсімді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов өткізіп, олардың тұсауын кесіп, жаңа өмір кезеңіне жол ашты.
«Бүгінгі күн осындай сауығу оқиғаларының көбейе түсуінің қаншалықты маңызды екенін еске салсын. Балаларымыз аяққа тұрып, толыққанды өмірге оралсын. Ал медицина қызметкерлері олардың өмірін сақтап қалу үшін әрдайым бар күш-жігерін салсын», — деді Марат Пашимов құттықтау сөзінде.
Тамиристің тарихы — нағыз ғажайып пен медицинаның мүмкіндігінің айқын дәлелі.
Екі жыл бұрын бес жасар қыз төртінші қабаттан құлап, ауыр бас-ми жарақатын алды. Оның жағдайы өте ауыр болды: екі рет жүрегі тоқтап, клиникалық өлім жағдайында болған.
Баланың өмірі үшін №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасының нейрохирург дәрігерлері күресіп, бірнеше күрделі операция жасады.
Өмірі сақталғаннан кейін ұзақ оңалту кезеңі басталды. Қыз қайтадан қозғалысқа үйренді: алдымен қолдары қимылдай бастады, кейін аяқтарына жан кірді, уақыт өте келе өздігінен отыра алатын болды. Екі жыл ішінде ол жеті кезеңдік оңалтудан өтті. Бүгінгі басты нәтиже — Тамирис алғашқы өз бетінше қадамдарын жасады.
Ең әсерлі сәттердің бірі — қыздың әжесінің сөзі болды. Көз жасына ерік берген ол дәрігерлерге немересінің өмірін сақтап қалғаны үшін алғысын білдіріп, олардың еңбегі отбасы үшін үлкен тірек пен үмітке айналғанын атап өтті.
Руфинаның тарихы да ерекше шабыт береді. 2022 жылы туған, ауыр диагноз — балалар церебралды сал ауруымен (ДЦП) ауыратын қыз күрделі емдеу жолынан өтті. Ол Орталыққа ауыр жағдайда түсті: өздігінен тұра да, жүре де алмайтын, тек арбада қозғалған.
Маңызды кезеңдердің бірі — 2025 жылдың қараша айында Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында (БШМККО) жасалған операция болды: ахилл сіңірлерін Z-тәрізді ұзарту. Одан кейін Руфина оңалту курсынан өтіп, бүгінде алғашқы өз бетінше қадамдарын жасай бастады.
Тұсаукесер рәсімі екі қыз үшін де жаңа өмірдің символына айналды — олардың қайсарлығының, табандылығының және дәрігерлер мен отбасының ортақ жеңісінің белгісі болды.
Қалалық балаларды оңалту орталығы жұмыс істеген жылдары 53 бала өздігінен жүріп кетті. 2011 жылдан бері мұнда 17 320-дан астам бала көмек алды, оның ішінде 7 715-тен астамы мүгедектігі бар балалар.
Орталықта ДЦП, жарақат салдары және туа біткен патологиялары бар балаларға кешенді көмек көрсетіледі.
Бүгінде бұл орталық — балалардың сауығуға және жаңа өмірге алғашқы қадам жасайтын орын.
Тамирис пен Руфинаның оқиғасы — ауыр сынақтардан кейін де алға жылжуға мүмкіндік бар екенін еске салады.





